+ 7 (7172) 999 387
hajj@muftyat.kz
04 маусым, 2018

әл-Кағба

әл-Кағба әл-Мүшрифа – әл-Мәсжид әл-Хәрәмнің дәл төрінде орналасқан. әл-Кағба – сүбхана Алла тағаланың Жер бетіндегі алғашқы үйі. Ол туралы Құран кәрімдегі «Әл Имран» сүресінің 96-аятында былай делінген: «Шындығында, адамдар құлшылық ету үшін салынған алғашқы Үй – Беккеде (Меккенің көне аты). Ол берекелі және ғаламдардағы ақиқат жолды көрсетуге қызмет етеді».

әл-Кағба тарихының қалай басталғаны бір Алла тағаланың өзіне мәлім. Ол жайында бізге бірнеше деректер жеткен.

Бірінші дерек – сүбхана Алла тағала ең алдымен Үй салып, екі мың жылдан кейін Жерді жаратты. Сол Жерді Үйдің астына айналдырып әкелген дейді.

Екінші дерек – Адам Ата (ғалейһи-с-сәләм) жаратылғанға дейін сүбхана Алла тағала періштелерге Үй салуға әмір берген екен. Періштелер Үйді жәннәттің асыл тастары – қызыл түсті лағылдан тұрғызыпты. Алайда, ол тастардың ішінен бізге жеткені Қара тас қана. Адамдар күнәға батқаннан кейін жәннәттің бұл тасы қара түске айналған. Қара тас – бақыт әкеледі, сондықтан қажыға барған мұсылмандар бұл қасиетті Қара тасты сүйеді. 

Үшінші дерек – Адам Ата мен Һауа Ана жәннәтта өмір сүріпті. Сүбхана Алла тағала оларға тек бір ағаштың жемісін жеуге тыйым салады. Алайда, Ібіліс шайтанның арбауына түскен Адам Ата мен Һауа Ана жемісті жеп, Алла тағаланың қаһарына ұшырайды. Адам Ата Жаратқан Иеге жалбарынып, кешірім сұрайды. Алла тағала Адам Ата мен Һауа Ананы Жерге түсіріп, оларға және ұрпақтарына күнәларын кешіретін, құлшылық ететін Үйді тұрғызады.

Төртінші дерек – Адам Ата (ғ.с.) қайтыс болғаннан кейін оның ұлы Шис әл-Кағбаны салды. Ғимараттың тастары бес таудан - Синай, Ливан, Елеон, Жуди (Нұх пайғамбардың (ғ.с.) кемесі тоқтаған тау), Нұрдан (Мұхаммед пайғамбарға (с.а.с.) Алла тағаланың уахи сөздері алғаш жеткен тау) әкелінген.

Бесінші дерек – Нұх пайғамбар (ғ.с.) кезінде Жер бетін топан су қаптап, Алланың алғашқы үйінің ірге тасын шайып кеткен екен. Содан сүбхана Алла тағала Ибраһим пайғамбар мен оның ұлы Исмайылға (ғалейһима-с-сәләм) әл-Кағбаның ірге тасын көтеруге Жәбірейіл періште арқылы әмір жіберген екен. Ол жайында Құран кәрімдегі «әл-Бақара» сүресінің 127- аятында былай делінген: «Ибраһим Үйдің ірге тасын көтергенде Исмайыл: «О, Жаратқан Иеміз! Бізден қабыл ал, өйткені Сен – бәрін естисің, білесің» деді». 

Сонымен әл-Кағба дегеніміз төрт бұрышты тас ғимарат. «Кағба» – араб сөзі, текше (куб) деген мағына береді. 

әл-Кағбаның төрт бұрышы төрт жақты көрсетеді. Шығыс бұрышты «әр-рүкн әл-әсуәд» («қара бұрыш») деп атайды, өйткені, ол бұрышта қасиетті Қара тас бар. Қара тас күміспен жиектелген, жерден бір жарым метр биіктікте орналасқан.

Діни аңыздар бойынша Алла тағала жұмақтан қуылған Адам Атаға (ғ.с.) күнәсін мойындағаны үшін осы тасты сыйға тартқан. Алғашқы кезде оның түсі ақ болды. Кейін күнәлілар ұстаған тас қарайып кетеді.

Солтүстік бұрышты «әр-рүкн ал-ирақи» («Ирақ бұрышы»), батысты көрсететін бұрышты «әр-рүкн әш-шәми» («Шам елі бұрышы»), ал оңтүстік жақты меңзейтін бұрышты «әр-рүкн әл-йәмәни» («Йемен бұрышы») деп атайды. 

Жыл сайын Зү-л-хижжә айының 9-күні әл-Кағбаға жаңа жапқыш – кисуә жабады. Кисуә – әл-Кағбаның қабырғаларын жабу үшін жібектен тоқылған қара мата. Кисуәда «Лә иләһә илла-л-ла, Мүхәммәд рәсүлу-л-ла» («Алладан басқа құдай жоқ, Мұхаммед – Алланың елшісі»), «Аллаһу жилл жәләлә» («Құдіретті де күшті Алла»), «Сүбхана-л-ла уә би-хәмдиһи» («Аллаға мақтау мен мадақ»), «Сүбхәнә-л-лаһу-л-азым» («Зор мәртебелі Аллаға мақтау») деген қасиетті жазулар бар. 

Кисуәнің биіктігі – 14 метр. Осы биіктіктің жоғарғы үштен бір бөлігінде Кисуәнің белдігі – хизәм орналасқан. Хизәмнің ені 95 см, ұзындығы 47 метр, ол 16 бөлімнен тұрады. Хизәмда алтын жалатылған күміс жіппен Құран кәрімнің қысқа сүрелері жазылған. 

Хизәмнің астында 6 жолақ бар, олардың әрқайсында да алтын әріппен Құран аяттары жазылған. Жолақтардың арасында фонарь пішіндес оюлар салынған. Оюларда «Йә хәй йә қайум» («Иә, Өмір беруші! Иә, Мәңгілік жасаушы!), «Иә рәхмән йә рахим» («Иә, Қайырымды! Иә, Рақымды!») «әл-Хәмду лилла рәбби-л-аламин» («Ғаламды жаратушы Аллаға мақтау») деген секілді сөздер өрнектелген.

әл-Кағбаның солтүстік-шығыс қабырғасында жерден 2 метр биіктікте орналасқан есігі бар. Есік таза алтынмен безендірілген, оның салмағы 286 кг.

Кисуәнің ең басты бөлігі – ситара (әл-Кағба есігінің пердесі). Ситараның биіктігі алты жарым метр, ені үш жарым метр, оған да Құран аяттары жазылған.


әл-Кағбаны көргенде оқылатын дұға

Алдымен («лә иллаһа илла- л-ла»)- «Алладан басқа құдай жоқ» деп үш рет һәләл айтылады. Одан кейін («аллаһу әкбәр») – «Алла – ең ұлы» деп үш мәрте тәкбир айтылады. Содан соң:

Оқылуы: Лә иллаһа илла-л-ла уәхдәһу лә шәриикә ләһу, ләһу-л-мүлк уә ләһу-л-хәмд уә һууә ғала күлли шейін қадиир. Ағұзу би-рәбби-л-бейти мин әл-күфри 22 Қажылық уә-л-фақри уә мин азааби-л-қабр уа дыйиқи-с-садр сала-л-лаһу ғала сейидинә Мүхәммәдин уә ғала әәлиһи уә сахбиһи уә сәлләмә аллаһумма зид һәзә-л-бәйтә тәшриифән уә тәкриимән тағзыыман уә мәһәәбәтән уә рифғатән уә бәррән уә зид йә рәбби мән шәррәфәһу уә аззамаһу миммән хәжжәһу әу иғтәмәрәһу тәшриифән уә тәкриимән уа тағзыыман уә мәһәәбәтән уә рифғатән уә бәррән.

Мағынасы: Алладан басқа құдай жоқ. Ол – жалғыз. Оның серігі жоқ. Бар байлық та Одан, мақтау да Оған. Ол бәрінен де құдіретті. Үйдің (әл-Кағбаның) Иесінен кәпірлікке ұрынбауды, кедейшілікте болмауды, қабір азабын тартпауды, кеудені қуыс қылмауды сұраймын. Біздің пайғамбарымызға, оның әулетіне, сахабаларына (серіктеріне) Алланың шапағаты жаусын. Иә, Алла! Бұл Үйіңді сый-сияпатқа, құрметке, қадірлікке, қошеметке, ұлылыққа, мәртебеге, жақсылыққа толтыр. Жаратқан Ием! Сондай-ақ қажылық, не умра жасағанның да сый-сияпатын, құрметін, қадірін, қошеметін, мәртебесін, игілігін арттыр.