+7 700 100 12 46
+7 700 100 12 47
29 мамыр, 2018

Ихрам

Ихрам

Ихрам – қажылық кезінде қасиетті жерге аяқ басып, ақ киім кию. Қажылардың киетін ақ киімін де ихрам деп атайды. Ол «рида» және «изар» деп аталатын екі кесек ақ матадан тұрады, мата инеден өтпеген болады.

Ихрам хал-күйіне түсетін жерді «миқат» деп атайды. Мәселен, ұшақпен ұшып келетін қажылар Жиддә қаласынан ихрам хал-күйіне түссе, кемемен жүзіп келетін қажылар Қызыл теңіз жағасындағы Рабиғ деген шағын қаладан ихрам хал-күйіне түседі. Ал қажылықтан бұрын Мәдина қаласындағы Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с.) қабіріне зиярат қылған мұсылмандар Меккеден 437 км., ал Мәдинадан 10 шақырым жерде орналасқан Зү-л-Халифа ауылынан ихрам хал-күйіне түседі. 

Көп жағдайда шартараптан келетін қажылар Сауд Арабиясына ұшатын ұшаққа кірердің алдында ихрам киімін киіп, ихрам хал-күйіне түседі.

Сонымен ихрам хал-күйіне түсердің алдында мұсылман қажылыққа баруға ниет қылады, сақалмұртын күзеп, не қырып, қолтық, шат жүндерін, тырнақтарын алып, денесін бастан аяқ толық жуады. Осы шарттарды орындап болғасын қажы «ләббәйкә аллаһумма хәжжән» («Иә, Алла! Міне, мен Сенің алдыңда қажымын») дейді.

Сосын ихрамды жалаңаш денесіне киеді: изарды беліне орайды, ал риданы сол иықтан асырып, кеудесі мен арқасын жабады. Ихрамды кигесін қажы екі рәкәттан тұратын «Сүннет әл-ихрам» намазын не мезгіл намазды оқиды.

Ихрам хал-күйі кезінде қажы адам мына қағидаларды қатал ұстайды:
• Ихрамнан басқа киім кимейді.
• Аяққа тобықты жаппайтын ашық аяқ киім киеді.
• Үстіне әшекей тақпайды, әтір сеппейді, май жақпайды.
• Басына тақия кимейді, беті ашық болады.
• Сақал-мұртын, шашын, тырнағын алмайды.
• Аң ауламайды, балық ұстамайды, жәндікті өлтірмейді. Аңшылық жолмен ұсталынған жануардың етін жемейді.
• Жыныстық қатынасқа түспейді. Сүюсуге, құмарлық сезім оятуға болмайды. Үйленуге, біреуді үйлендіруге, атастыруға, құдалық түсіруге болмайды.

Әйел адам ихрам кезінде үстіне қалаған киімін киіп, басына жаулық тағады. Беті мен қолдары (білезікке дейін) ашық болады. Әйел адамға паранжа, саусақты қолғап киюге болмайды. Үстіне әтір себуге, не хош иіс сіңген киім киюге тыйым салынады. Сонымен қатар опа жағып, қынамен боянуға болмайды.

Міне, ихрам хал-күйі біткенше қажы осы қағидаларды берік ұстайды. Алайда, қажы абайсыздан осы қағидалардың біреуін бұзса, онда ол күнәсіна байланысты үш түрлі айыптың біреуін тартады: үш күн ораза ұстайды, не алты мүсәпірді тамақтандырады, не қой сояды. Ал егер ихрам кезінде қажы жыныстық қатынасқа түссе, онда оның қажылығы қаза болады.

Ихрам хал-күйіне түскеннің ең басты белгісі - тәлбия айту. Тәлбия Алла тағалаға мақтау айтатын мына сөздерден тұрады:

Оқылуы:
Ләббәйкә аллаһумма ләббәйкә ләббәйкә лә шәриикә ләкә ләббәйкә иннә-л-хәмд уа-н-нығма ләкә уә-л-мүлк лә шәриикә ләкә.

Мағынасы:
Міне, мен Сенің алдыңдамын, Иә, Алла, алдыңдамын, Алдыңдамын. Сенде серік жоқ. Алдыңдамын. Шындығында, Саған бар мақтау мен жақсылық және билік. Сенде серік жоқ.

Қажы ұйқыдан оянғанда, жоғарыдан төмен түскенде, не төменнен жоғары көтерілгенде, отырғанда, тұрғанда, әрбір намаздан кейін тәлбияны дауыстап айтады. Әйел қажылар тәлбияны өзі еститін үнмен айтады.

Сөйтіп, мұсылман адам ихрам хал-күйіне түсіп, Мекке мүкәррәмә шаһарына келеді.
Пікірлер (0)