+7 700 100 12 46
+7 700 100 12 47
09 маусым, 2018

Құнанбай қажы

Құнанбай Өскенбайұлы 1804 жылы туып, 1886 жылы дүниеден көшкен. Құнанбайдың әкесі Өскенбай Тобықты елін билеген беделді адамдардың бірі болатын. Өскенбайдан басталатын билік бұл ұрпақтың қолында 150 жыл бойы тұрды. Кеңес үкіметі келгенге дейін Тобықты елінің билігін қолдарынан шығармады. Ең соңғы болыс – Біләл Кәкітайұлы Ысқақпен аяқталды.   
Құнанбайдың анасы Зере ақылды, парасатты, кісі ренжітпейтін байыпты, кең мінезді, тақуа, әңгімешіл әйел екен. Өзі Найманның матайының қызы. Азан шақырып қойған есімі – Тоқбала, мұрнына көз тимесін деп сырға-зере тағып жүргендіктен кейін Зере атаныпты. Зерені елі «сырты – жұпыны, іші – алтын, алды кең, тарқұрсақ бәйбіше» деп атайды екен. Өскенбайдың талай тасыр мінезіне тоқтау айтып, кеңесін беретін де осы бәйбішесі көрінеді. М. Әуезовтың жазуынша, Өскенбайдың Зереден басқа да әйелдері, одан туған балалары көп болған. Бірақ, «әке балаға – сыншы» дегеніндей, бидің Құнанбайдан өзгесіне көңілі толыңқырамапты. Ел аузынан жеткен деректе мынандай бір оқиға айтылады: «Құнанбайды босанарда анасы түс көріпті. Түсінде Өскенбай алтын сақаны үйіріп отыр екен. Анасы Зере ол алтын сақа: "Құнанбай болар", - деп жориды».
Зере ананың парасаттылығы сонда, Құнанбай тәрбиесіне қатты мән берген. Бір естелігінде: «Мен Құнанбайды бір күн дәретсіз емізіп көргенім жоқ және омырауымды тазалап жумай, бісміллә айтпай емізген мезгілім болған жоқ», - дейді. Ал енді бірде бата, дұға дегеннің қасиетін жақсы білетін ана кішкентай Құнанбайды жетектеп, би атасы Кеңгірбайдың алдына барыпты. Бірақ би бата бермей қайтарып жібереді, келесі жылы да солай. Үшінші келгенінде Зере: «Үш келдім, атам батасын бермеді», - деп жылапты. Сонда Көкі бәйбіше: «Келінің үш келді, басыңды көтер, батаңды бер», - деген екен. Кеңгірбай би: «Пай, пай, болмас», - депті де: «Тоғыз ата толғанша, түңлігіңді ешкім ашпасын!» - деп қолын керісінше жайып, батасын беріпті. Келіні: «Атам батасын теріс берді», - деп жылап қайтыпты. Көкі бәйбіше: «Келінің жылап кетті, теріс бата бергенің не?» - десе, би: «Үш жылдан бері батамды алар деп тосқаным балаларым еді. Олардың бірі де келмеді. Ал келінім Зере мен немере балам Құнанбайға оң батамды берсем, онда менің артымда ұрпақ қалмайды. Төрт көк бөрім бар еді, соның екеуі келінім мен Құнанбайдың артынан кетті», - деп сөзін түйіндепті. Теріс бата бергенін естіген Өскенбай: «Соның өзі жарап жатыр», - деп ат шаптырып, той жасаған деседі. 


«Мойнымда парыз қалар деп ойлады, Меккені өліп кетсем, тәуап қылмай»

Құнанбай өмірбаянында ел есінде көп сақталып, аңызға айналып келе жатқан істерінің бірі – Қарқаралыға мешіт салдыруы мен қажылық жолымен Меккеге барып, ол жақта мұсылмандар барғанда түсетін үй салдыруы.
Өмірінің соңына қарай, бес парызды түгел орындап, Алланың разылығын алуды ойлаған Құнанбайдың қажылыққа баруға аңсары ауады. Бұл жөнінде Әрхам Кәкітайұлы: «Құнанбай ел басқару ісін балаларына қалдырып, өзі тағат, ораза, намазға бой ұрып, үйінде отырып қалады. 71 жасқа келгенде барлық балаларын жинап алып: «Қағбатолла, Құдай үйіне – Меккеге барып, тәуап қып қайтайын деп едім», - деп ақылдасады. Оған балалары қарсы болмайды. Көп мал сатып, жеткілікті қаражат жинап береді», - деп жазады. Құнанбайға бұл сапарда кімнің жолдас болғаны жөнінде деректі біз 1900 жылы Қазан қаласынан шыққан «Қажы Әндірбай қалпе» атты кітаптан білеміз. Жыр үлгісімен жзылған бұл кітапта Құнанбай сапарына қатысты:
Енді екінші сөйлейін сапарынан,
Білгенімше таратар келді кезім.
Тобықтыда Құнанбай жүрмек болды,
Көруге бек ынтызар Мекке жүзін.
Қазақта кім бар еді Құнанбайдай,
Жаратқан абзал қылып патша Құдай.
Мойнымда парыз қалар деп ойлады,
Меккені өліп кетсем, тәуап қылмай.
Басшы қылып қалпені алып жүрді.
Тәуекел қаққа қойып, белін байлап,
Шаншарда Жүсіп қожа және жүрді,
Матақпенен жүріпті Саудабай бай, - деген жолдар кездеседі. Қасиетті қалаға жеткеннен кейін Құнанбай жанындағы байларға: «Біз секілді бар адам келсе, ақша төлеп болса да түсетін жер табылар. Жоқ-жітік келсе, олар қайда жатады? Соларға арнап, осында бір үй салдырып кетейік», - деп бастама көтеріпті. Солай Құнанбай тақиясы салынып, оған кіші жүзден бір  жігіт иелік етіпті. Тақияның нақты салынғаны жөнінде бір дерек, 1883 жылы Қазақ қаласынан басылып шыққан «Маңызды мәселелер кітабындағы» мына жолдар дәлел бола алады: «Байтоллаға бардық. Құрбан айының басында Меккеде қазақ Тәбиесіне түстік. Кіші жүз салдырған. Қанатбай деген қазақ тұрады екен. Құнанбай қажының да Тәкиесі бар екен». Құнанбай қажы салдырған бұл Тақияны қажылыққа барған сапарында Шәкәрім қажы да көргенін, бірақ өзінен бұрын түскендер болғаны себепті, оларды ренжітпейін деген оймен, басқа орынға қоныстанғанын айтады. Ал, Абай әкесінің бұл ісі туралы:
Меккеге барып үй салып,
Пәтер қып жаққан шырақты.
Бір Құдайдың жолына,
Малды аямай бұлапты, - деп жазды.
Құнанбай қажы Өскенбайұлы қажылықтан қайтқаннан кейін ел ісіне араласпай, оқшау, тек Құдайға құлшылық етумен, маңайындағыларды да соған шақырып, баянды ғұмыр кешіпті. Мұсылмандықтың барлық шартын орындап, шариғат жолымен амал етіп, халқының ықыласына бөленген Құнанбайдың қадірлі істерін өз жұрты кейінге дейін есінен шығармаған. Тіпті: «Құнанбайдай әке болмаса, Абайдай ұл қайда?» - деп бүгінге дейін айтып жүреді екен. Әбу Һұрайрадан (р.а.) риуаят етілген бір хадисте Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Адам баласы дүние салғаннан соң оның амалы тоқтайды. Тек мына үш амалдың сауабы иесіне үздіксіз жетіп тұрады. Олар:  жария садақа, пайдалы ғылым, артынан дұға қылатын салиқалы перзент», - деген екен. Ендеше Құнанбай қажының «Ескі тамда» аштырған мектебі, Қарқаралыда салдырған мешіті, Меккеде қалдырған Тақиясы, салиқалы перзенті - Абайы үшін артынан жетіп тұрар сауабының қияметке дейін жалғасын табатынынан біз де үміт етеміз және солай дұға қыламыз.

Марфуға Шапиян
islam.kz
Пікірлер (0)