+ 7 (7172) 999 387
hajj@muftyat.kz
18 маусым, 2018

Зуқа қажы Сәбитұлы

Зуқа батыр 1866 жылы Шығыс Қазақстан облысы, Зайсан ауданында Сәбит молданың шаңырағында дүниеге келген. Атасы Нұрмұхаммед абыз Уфа мен Бұқарада білім алған, ел ішіне сыйлы, Қазақстанның шығыс өңірі мен Шыңжаң, Моңғолия қазақтары арасында дін қызметкері болған, даулы мәселелерге төрелік айтқан би болған жан екен.

Зуқа батырдың халық арасындағы кей қызметінен өзінің ата-балалары секілді үлкен дін қайраткері, шариғат білгірі болғанын да байқаймыз. Ол өзін қажылыққа аттандырғысы келіп, 500 қой, 100 жылқы, мол алтын-күміс жинап берген елін тоқтатып, өзінің қажылыққа барғанынан, кедей-кепшіктің тоқ болғанын артық көретінін айтып, бас тартады. Жиналған мал-мүлікті жоқ-жітікке таратып бергізеді. Қағбаны бір көруді қай мұсылман армандамайды дейсіз? Бірақ жеке бастың қуанышынан, ұлтының мүддесін жоғары қойған Зуқаның бұл әрекеті Қ.Шабданұлының «Пана» романында былай суреттеледі: «Біздің елде қазы мен абыройлы би түгел бірер қажының болмағандығынан басынады» деп тапты да Мардан малдыларынан күш бірлестіріп, Зуқасын Меккеге жіберіп қажы атандыруға келісті. Бірақ сол жылы күзде адам саны молайыңқырап, қыстық ішіп-жем, астық жағынан қысылатындығын байқаған Зуқа оған көнбеді. «Меккеге бару – біздей жарлыларға парыз емес, бала-шағаны шайнамамен қамдау – парыз. Биыл астығымыз жетпейді, күшімізді Жеменейден астық әкелуге жұмсалық!» деген мәслихатын айтты».
Қажылық Зуқа батырдың маңдайына жазылған дүние екен. Елінің жарлы-жақыбайын қанша ойласа да, келер 1906 жылы ең жақын жолдастары  бірнеше мергенге бөкен аттырып, оның мүйізін сатып, қаржы жинап, Зуқасын Меккеге аттандырды. Зуқаның қажылық сапарын ақын Рамазан Бұтақбайұлы былай жырға қосқан:
Арғы атам – Сәбит Да молда,
Бел байлаған хақ жолға.
Тақуа ғазиз атанып,
Ғаламнан асқан сары жорға.
Бергі атам  Зуқа һәм молда,
Барып келген Бәйтолла.
Шариғатпен сөз сөйлеп,
Және жүйрік заңжолға.
Көрсеткен аят, хадыстан,
Терең сөйлеп жарысқан.
Бәтуа, дәлел беретін,
Ақылға жүйрік данышпан.
Б.Бәбішұлының айтуынша, Зуқа батыр Меккеге Түркияның Ыстамбұл қаласы арқылы барған. Оған дәлел ретінде кейін бұл қаладан қазір барлық жерде жарияланып жүрген Зуқа батырдың суреті табылады. Ол сурет қажының қара сақалды, ақ қабақты, үлкен құлақты, келісті адам болғанын айғақтайды.
Зуқа батыр өмірімен таныса отырып, оның дін қағидаларымен ғұмыр кешкенін байқаймыз. Ол туралы еңбектерде намазын қаза етпегені, жылда құрбандық шалып отырғаны айтылады. Ел тыныштығы бұзылғанына қарамастан, ауыл балаларына білім беруді де тоқтатпағанын көреміз. Сонымен бірге, ел арасындағы дауға билік айтқанда да, халқын игі істерге шақырғанда да аят-хадисті алға тартып сөйлейді екен.
Зуқа батыр жауына да әділетсіздік көрсетпейді. Үстеме бағамен сауда жасап, халықтың тұз, шәй, қант, күріш секілді қажетін жеткізіп, үстінен есепсіз мал алып отырған Мадарын атты саудагердің өзіне: «Қарыз деп алған малды қайтармай, Алла алдында қарызы қайтпайды, қайтаруым шарт. Қарызыңды Алланың кешу-кешпеуі, ақы иесінің үш рет айқайлауында ғана емес, не үшін кешетіндігіне байланысты. Қарыздар болған адамның төлейтін қуаты мүлде болмай қалғанда кештім десең кешілер еді. Ал, менде төлей алатын мал бар», – дейді «Пана» романында. Сонымен қатар, романда сипатталатын айт намазы кезінде еркек кіндіктінің барлығының намазға тұруы да, Зуқа ауылының дінге беріктігін көрсетеді.

Марфуға Шапиян
islam.kz