+ 7 (7172) 999 387
hajj@muftyat.kz
13 маусым, 2018

Абдұлла (Шәкен) қажы Сарыұлы

Абдұлла (Шәкен) қажы Сарыұлы Мұхаммет әл-Бұхари (1927 – 2000 жж.) – Араб елінде Бейбарыс сұлтаннан кейін жоғары әскери қызметте болған және Мекке қаласының әкімдігінде жоғары билікке жеткен қазақ азаматы.

Шәкеннің тағдыры – ұрпақ үшін жан беріп, жан алған әке мен шешенің, арман мен аманаттың тарихы болатын. Жүректі сыздатар тарихи шындық әр қазақ баласының жүрегіне ұялары хақ.

Соғыс пен ашаршылыққа, басқыншылық пен зорлық-зомбылыққа толы тауқыметті тағдыр Алтай қазақтарын да аямады. 1936-1937 жылдары және 1950-1953 жылдардағы бұлт аспайтын Бұланайды (Гималайды) асқан қазақтардың ұрпақтары қазір 43 елде жүр.

Шәкенді алып кеткен дүнген әскербасы Ма Буфаңның бір ұйғыр саудагер досы бар екен. Ол дүнген досына "қолды болған 80 баладан біреуін таңдап бер, ақысын берейін" дейді. Ақшаға қызыққан дүнген іштерінен өжет, пысық деп Шәкенді таңдап, ұйғыр досына құлдыққа сатып жібереді. Ол ұйғырдың жалғыз қызы және әйелі бар екен. 1941 жылы Сауд Арабияға қажылыққа бармақшы болады. Үй-іші мен Шәкенді серікке алып, қашырмен жолға шығыпты. Түнде өздері ұйықтағанда Шәкенді қарауылға қояды. Өздерімен алып шыққан шыландымен жүрек жалғайды. Теңізге барғаннан кейін қашырын сатып, кемеге отырып, Меккеге бағыт алады. Меккеге аман-есен жетіп, қажылығын өтеген ұйғыр, сол арада қалып, сауда істеуге бел байлайды.

Жол бойы Шәкеннің пысық, елгезектігін ұнатып, өз баласы ретінде көріп, оны оқуға береді. Бір жылдан кейін қамқор болған ұйғыр әкесі аяқ астынан ауырып, қайтыс болады. Өгей шешесі: "сенің жолың жаман, саржұлдыз болып кезігіп, шалым өліп қалды, көзіңді жоғалт" деп Шәкенді үйден қуып шығады. Көшеде жетім болып, тағдырдың тауқыметін тартып жүргенде жергілікті билік Шәкенді жетімдер мектебіне өткізеді.

Бір күні Меккенің қала бастығы тексеруге барып, өң-түсі арабқа ұқсамайтын баланы көріп, "сен қайдан келдің, ұлтың қандай" деп сұрайды. Сонда Шәкен өзінің келу тарихын егжей-тегжейлі баяндап береді. Тебіренген ұлық, өзіне өгей бала етіп алады да, сырттай қарайласып тұрады. 13 жасында құлдыққа сатылып, малай болып зар еңіреген Шәкен мектепке ілінген соң оқуға бар зейінін салады. Әрдайым үйренуге ұмтыла жүріп, 1946 жылы оқуын үздік аяқтап, мемлекеттік әскери мектепке қабылданады.

Шәкен 1951 жылы Меккеде әскери мектепті бітіріп, жол сақшысы болып, қызметке орналасады. Өзімен бірге істейтін ұйғыр досы Шәкенге "екеуміз жақсы доспыз, оның үстіне сенің жақын жанашырың жоқ, менің қарындасымды әйелдікке алып, достығымызды туысқандыққа жалғастырайық" деп қолқа салады. Шәкен досының көңілін қимай, қарындасымен үйленеді. Бірақ оның мінезі нашар екен, Шәкенді сыйламайтын болып шығады. Өзі қалаған күні төркініне кетіп қалып, жұмыстан шаршап келгенде шай-суын да дұрыстап дайындап бермейді. Бұл араб мемлекетінің заңына да қайшы еді. Шәкен досына телефон шалып, оның қарындасымен айырылысатынын айтады да, "талақ хатын" жазып тапсырады. Ажырасқаннан кейін барып, әйелінің екі қабат екенін біледі, одан бір қыз туылады. Ұйғыр әйел баласын алып Америкаға кетіп қалады. Шәкен оларға ай сайын ақша беріп, қызы бойжетіп, оқу бітіргенше көмектесіп тұрған.

Кейін Зәмзия деген араб қызына жолығады. Аузы күйген үрлеп ішеді, Шәкен оған басынан "Егер мені өмір бойы құрметтеп, менің айтқанымды тыңдайтын болсаң алам, әйтпесе әуре болмай-ақ қояйық" деп ашығын айтады. Ақылына көркі сай Зәмзия Шәкенге келісімін беріп, оған тұрмысқа шығады. Шәкеннің бақытты күндері осылай басталады. Зәмзиядан Байсал, Адынан, Әділ, Нәдия, Әбдісәм, Сәмия, Әриш сынды үш ұл, төрт қыз сүйеді.

Өз өмірінде 39 мәрте қажылық сауап өтеген Шәкен қажы Сарыұлы 2000 жылы Сауд Арабияның Жидда қаласында 73 жасында дүниеден өтті. Шәкеннің жылы қоян екен, қайтыс болардың алдында бірнеше ай бұрын Стамбулдағы немере қарындасы Сәнияхан Займоллақызына кездесіп, әңгіме үстінде "мен өмірімде дүние-мүлік жиып, қу дүниенің соңынан түспедім, ойласам 39 рет қажылық өтеппін, сол маған жетеді ғой, иә, Сәнияхан" деп әзіл аралас жүректегі сөзін айтқан екен.

Тағдырдың тәлкегімен жастайынан туған жерінен, ата-анадан, туыс-туғанынан айырылып қиындыққа мойымай, араб елінде Бейбарыс сұлтан сынды өмір кешті. Жоғары әскери мансап алғаны туралы да айтылып жүр.

Бейсен Ахметұлы