+7 700 100 12 46
+7 700 100 12 47
13 маусым, 2018

Сәдуақас қажы Ғылмани

Сәдуақас Ғылмани 1890 жылы Ақмола облысы, Ерейментау ауданы, Малтабар ауылында дүниеге келген. Арғы аталары “Сары молда” атанған Мұхамедияр, өз атасы Сәлмен діни сауатты, Құран ілімін терең меңгерген указной молда болған. Сәдуақас араб тілін Сәлмен атасынан үйренгеннен кейін Шарықты жайлауында Байдүйсен қазіреттен сабақ алып, алғашқы діни сауатын ашады. 11 жасында анасы Ұрқия өмірден өтіп, әкесі Ғылманның қолқалауымен 40 күн бойы анасының басында Құран оқиды. 14 жасқа келгенде “Бала молда” атанып, Тасбақа, Өмірзақ ауылдарында шәкірт тәрбиелейді. Білімін ары қарай жетілдірмек оймен, Тоқмағамбет хазіреттің дарынды шәкірті Айтмағамбет Исаұлынан “Бұхар Зада”, “Фиқһ Акбар”, “Тухфа” деген кітаптардан сабақ алады. 1907 жылы медресе ашып, шәкірт жинаған ел ішінде Ақтамақ халпе атанған Ахмет Ғұсмани медресесінде алты жарым жыл білім алып, 1912 жылы Қайлан байдың ауылында бала оқытып, қыста қайта медресеге келеді. Өмірінің осы сәтін ақын “Өмір тарихында” былай жырлайды:
Хекмет ғайын, молла Жәлел алдым сабақ,
Ұстазым ехлас берді аянбай-ақ.
Көп шәкірттің ішінде атым шықты,
Тілегін ата, ұстаздың Тәңірім қалап.
Келер жаз ұстазымнан алдым дұға,
Қанша шәкірт ішінен мен аққұла.
Шапан, сәлде сыйлады белгі қылып,
“Зор болсын” деп бақытың” жұрт алдында.
Дұға алып, хош айтыстым ұстазбенен,
Осы еді қызық дәурен көзім көрген.
Қаратон, Баспан, Төлеңгіт маңайдағы,
Ауылбасы бір саба қой келтірген.

1947 жылы Ташкент қаласында алғашқы дін құрылтайы өтіп, оған еліміздің атынан Қазақстан қазиы Қабдығаппар Шамсудинов пен Ақмола мешітінің имамы Сәдуақас Ғылмани барады. 1948 жылы Сәдуақас қажы Орта Азия мұсылмандар діни басқармасының мүшелігіне өтіп, Қазақстанның екінші қазиы болып тағайындалады.

Бұл туралы бізге Әмина апа былай әңгімелеп берген еді:

- Әкем 1952 жылдың желтоқсанына дейін Ақмола мешітінде имам болып тұрды. Қайдаров деген азаншысы болды. 1952 жылы Алматыдағы Қазақстанның қазиы Қабдығаппар Шамсудинов сырқаттанғаннан кейін Ташкенттен “Жұмысын атқаруға қауқарсыз” деген  хабар келіп, әкемді Алматыға шақыртты. Жалғыз кетті. Бізді 1953 жылдың сәуір айында көшіріп алды. Бізге қазіргі Алматыдағы Орталық мешіттің астынан екі бөлмелі үй салып берді. Сонда 1956 жылға дейін тұрдық. Ол кезде мешіттің имамы Оралдан келген Тұрсынов деген кісі, азаншысы Байсейітов Имамбек, ал әкем Қазақстан бойынша қази қызметін атқарып тұрды. Шәкірттердің емтиханы болған кезде шақырады ғой деймін, жылына бір-екі мәрте Ташкент, Бұқараға барады. 1947 жылы менің ақыл тоқтатып қалған кезім болуы керек, бірінші құрылтайға барғаны да есімде. 1956 жылы маусым айында бізге жеке үй алып беріп, “Вишневая, 42” деген үйде өзі опат болғанға дейін тұрдық. Келген қонақтар да, қызметкерлер де, шәкірттер де сонда келіп, аласапыран болып жататынбыз. Үйімізді кіші қонақүй десек те болатындай еді. Ұлты түрлі молдалар іздеп келетін. Әкем бәрімен арабша сөйлесетін. Үйдің астындағы жертөледе шәкірттері Құран жаттап отыратын. Ешкімнің өміріне ұқсамайтын бір қызық өмірді басымнан кештім деп ойлаймын. Әкем 1953 жылы 17-маусым күні Кеңес үкіметінен 40 адам болып қажылыққа кетті. Олар Арабияға Иранды басып өткен екен. Соның арасынша мемлекетте төңкеріс болып, қайтарында басқалай жолмен 2-қыркүйек күні келді. Кеңес үкіметінен бірінші рет қажылыққа барған солар болатын. Оған дейін де бір рет “қажылыққа кеттік” деп, Мәскеуге дейін барып, кері қайтқан. 1953 жылғы қажылыққа сол сапары алғашқы және соңғысы болыпты. Одан кейін денсаулығы да сыр беріп қалды, жолы да түспеді. Негізінен таң намазынан кейін үстел басында сағат 11-12-ге дейін шоқиып отырып, жазу жазатын. Сосын бір сағат демалып алып, мешітке бесінге кететін. Өмір дегенің солай, өз кестесімен жүріп жатты. 1972 жылы 19 сәуірден ауырды, 24 сәуірде қайтыс болды. Өз аяғымен жүріп, өзі сөйлеп, еңбектеніп кетті. Ақырғы уақытқа дейін “Халыққа қалған еңбегім болсын” деп, кітабын жазды. Әкем қайтқанда мен 33 жаста екенмін. Одан кейін үш жарым жылдан соң анам қайтыс болды. Әкемнің соңғы өсиеті “Қайда болсаң да Алладан қорық, шырағым. Қайда болсаң да жақсылық жаса, мұқтаж жандарға көмектес. Жетім-жесірге қол ұшыңды бер. Құдайдан қорықпағаннан қорық. Менің жылым қоян ғой, сондықтан қорқақ адаммын” дейтін соңында әзілдеп. Бала демей, шаға демей бәрімен тең сөйлесетін. Өзі де мұқтаж жандарға мейірімді болатын. Есігіміздің алдындағы шағын үйде біреулер отбасымен жылдап тұрып жататын. Көшеден түрмеден шыққан біреулерді де ертіп келетін. Одан қорыққан апам екеуміз таңға дейін көзіміз алақандай болып, таң атырған күндеріміз де болды.

Марфуға Шапиян
islam.kz

Пікірлер (0)