+ 7 (7172) 999 387
hajj@muftyat.kz
13 маусым, 2018

Қажымұқан Мұңайтпасұлы

Қажымұқанның теңдессіз палуандығымен қатар, дінге жақын, иманды жан болғанын дәлелдейтін естеліктер де баршылық. Бірінші әйелі, орыс қызы Надежда Чепковскаяны алғанда өзге қазақ зиялыларындай Қажымұқан да некесін мұсылманша қидырып, әйеліне Ислам дінін қабылдатады. Надежда атты есімін өзгерткізіп, ардақты Пайғамбарымыздың (с.а.с.) сүйікті қызы Фатиманың атын бергізеді. Кейін халық оны «Бәтима» атап кетеді. Бұл туралы Надежда Чепковскаяның өзі «Күш атасы» кітапта: «Қажымұқан өте сымбатты, бойшаң, қараторы жігіт болатын. Шынымды айтсам, мен оны бір көргеннен-ақ ұнатып қалдым. Цирк ойыны мен күрес екі айға созылды, біздің танысқанымызға да екі айдай уақыт болды. Осы мерзім ішінде екеуіміздің арамызда махаббат оты тұтанып, өмірлік дос болуға бел байластық. Қажымұқан мені өз еліне, Омбыға алып баратынын айтты. Мен болсам, Мұқанға сенгенім соншалық, ұлты, салты басқа адам болса да енді маған ешкімнің зекіп сөйлеп, зәбірлік жасай алмайтынына көзім жеткендіктен шексіз қуаныш үстінде едім. Әлі есімде, Обыға келген соң ғана өмірімнің өзгеріп, нұрланып, шаттыққа, жақсылыққа бөленгенін сезіндім. Қазақ халқының жайдары жүзді меймандостығы, бауырмалдығы бірден баурап әкетті. Омбы қазақтары мені басқа ұлттың баласы деп жат көрмей бауырына басып, туысқандай қарсы алып, «келін келді, той болады» деп қуанысып жатты. Омбыға келгеннен соң көп ұзамай, мені мешітке апарып Хасен деген молдаға некемізді қидырды. Сон күннен бастап мен «Қажымұқанның зайыбы Бәтима» атандым», – деп еске алады. Қажымұқанның бұл әйелінен туған екі ұл – Халиолла мен Ғабдолланың есімдерінің де мұсылманша қойылуы көп нәрсені аңғартса керек.
Қажымұқан бертінірек, 1948 жылы қайтыс болды. Сондықтан оның көзін көрген көнекөз қариялардың көпшілігінің көзі бүгінде тірі. Палуанның кейінгі өмірі туралы олардың айтқан естеліктері баршылық. Міне, сол естеліктерде Қажымұқан өмірінің соңғы жылдарында бес уақыт намаз оқып, Аллаға құлшылық еткені айтылады. Палуанның ұлы Айдарханның досы болған, Қажымұқанды кішкентай кезінде көрген Әшімбай Өткелбаев ақсақал: «Қазандағы ет піскенше Айдархан екеуміз гүл теруге кеткенбіз. Келсек, ата төсекте домбырасын шертіп жатыр екен. Ет жеп болған соң ол кісі қорылдап ұйқыға басты. Сізге өтірік, маған шын, қорылынан бүкіл дала гүрілдегендей. Ұйқысынан тұра сала жуынып, намаз оқыды. Құлшылық жасап болып төмен қарай сәл жүгіріп, тоқтады да, атқосшысы жанына сүйрелеп әкеп берген үлкен кір тастарын көтере бастады», – деген естелік айтқан. Осының өзі атағы әлемді шарлаған алып палуанның дінге қаншалықты жақын болғанының дәлелі болса керек.   
 
Мұқан палуан қажылыққа қалай барды?
О баста Қажымұқанның азан шақырылып қойылған есімі Мұқан екен. Бірақ бертін келе «Қажы Мұқан» атанып, халыққа да солай танымал болады. Палуанға бұл атаудың қалай жалғанғаны жөнінде де түрлі пікірлер бар. Біреулер «Мұқан қажылыққа барамын деп жолға шығып, Түркиядан қайтқан. Содан кейін «қажы» атана басатаған» десе, енді біреулер «Меккеге қажылыққа барғаны рас», – дейді. Біз де соңғы нұсқаға қосыламыз. Өйткені, қазақтың кез келген адамды «қажы» атай бермесі анық. Біздің ойымызша, палуан қажылыққа барған, парызын өтеген, тек кейінгі жылдары Кеңестік идеологияға орай бұл туралы көп айта бермеген. Бұл сөзімізді қажымұқантанушы Қалиәкпар Әміржановтың мына дерегі қуаттай түседі: «Ыстамбұлда атақты түрік палуаны Нұрланы жеңген соң, Шәкір паша мен Имам Баюр Мұқанды құрметтеп қажылыққа шақырады. Сөйтіп үш аптаға созылған керуен Орталық Таврдан, Тигр өзенінің бойымен Бағдатқа, одан әрі Үлкен Нефуз шөлімен Меккеге жетеді. Меккеде құлшылық жасап, Мұқан құдықтан зәмзәм су ішеді, Арафат тауының етегінде үш күн шатырда түнейді. Қысқасы, ол қажылықтың шарттарын түгелімен орындайды. Содан бастап Мұқан деген есімі ұмытылып, Қажымұқан аталып кетеді. Ал «жауырыны жерге тимеген түрік палуанын жеңген соң Мұқанға қажы атағы беріліпті» деген – жалған әңгіме. Бұл сол уақытта қоғамның құбылысын, көзқарасын байқаған палуанның нағыз қажылығын жасырып, себеп тауып, өзінің шығарған «ертегісі» ғой».
Қажылық сапары туралы Қажымұқанның өз аузынан шыққан да сөз бар екен. Палуан ауылдасы Дүйсенбай Елібаевқа: «Балам, мені халық бірінен бірі естіп қана біліп жүр. Атымды да толық білмеген жұрт Әжімұқан деп атап жүр. Менің атым – Қажымұқан. Меккеден келе жатқанымда «Қажы» деген сөзді түріктер қосып, «Қажы Мұқан» атандым», – деген көрінеді. Бұл деректер – Қажымұқанның қажылыққа барғанының анық дәлелі. Өйткені, Жиддаға жарысқа барып тұрған Қажымұқандай адамның Меккеге соқпай кетуі мүмкін емес шығар. Қажылық маусымы болмаған күнде де кіші қажылыққа барған болуы әбден ықтимал. Тек қашан, қай жылы, қандай жағдайда барғанын анықтау – болашақ зерттеушілердің еншісіндегі дүние.

Марфуға Шапиян
islam.kz