+ 7 (7172) 999 387
hajj@muftyat.kz
13 маусым, 2018

Ақыт қажы Үлімжіұлы

Руы Абақ Керейден тарайтын Ақыт Үлімжіұлы 1868 жылы Алтай аймағының Көктоғай ауданы, Қайырты күзеулігінде дүниеге келген. Әкесі Үлімжі өзіндік қана шағын шаруасы бар қарапайым малшы екен.

1908 жылы Шыңжаңның Алтай өңірінен, Тарбағатайдың Майлы-Жайырынан, Моңғолияның Қобда аймағынан ауқатты 60 адам қажылық парызын арқалап, Мекке сапарына аттанады. Бұл кезде Ақыт қажы Қобда аймағында Бардам Үкірдай ауылында бала оқытып жүрген екен. Артық байлығы, қолында қаражаты жоқ Ақыт қажылыққа баруды ойламайды да. Бірақ Алла оны өзінің сүйікті құлдарының қатарына қосып, қонаққа шақырған екен. Өз аймағынан жеті қажыны шығарып салмақ ниетпен сапарға шыққан Ақытты Лайық пен Оразбек ақылдаса келе: “Ақыт біріншіден, араб, парсы, шағатай, түрік тілдерін жақсы біледі. Жолда тіл аударып береді. Екіншіден, діни тағлымдарға қанық. Жолда бізге қажылық жолдың парыз, уәжіптерін үйретеді. Үшіншіден, дарынды ақын, осы жолғы қажылық сапарымыздағы өмір өткелдерімізді, өлі-тірімізді өлеңмен жазып, артқы ұрпаққа мұра етіп қалдырады. Сондықтан жол ақысын көбіміз үстімізге алып, қажыға ертіп алайық”, - деген шешімге келеді. Өзге қажылар да бұл пікірге қуана қосылады. Шешімдерін Ақыт қажыға айтады. Расымен, ел ақсақалдарының үміттері ақталды. Бізге бұл қажылық сапары туралы мәлімет тек Ақыт жырлары арқылы жетті. Ал басқалай жағдай болса, қажылық парызды өтеу жолындағы мұншалық мехнатты сапар туралы білмей де кетер ме едік?! Бұл сәт туралы ақынның “Қажыбаян” жырында:

Сол күні дәл Сақсайға қондық барып,

Көп жұрт мені “жүр” деді ауызға алып.

Сол жерде “жүрейін” деп айтып салдым.

“Не береке табам?” деп топтан қалып.

Жалғыз-ақ ел-жұртыма қош демедім,

Осы жерім болды ғой үлкен қауіп, - деп баяндалады. Ары қарай: “Мен пақырға бір Алла бола гөр жар” деп, бала-шағасын Құдайға тапсырып, кете барады. Бір жағынан қатты қуанса, екінші жағынан үлкен атасынан бата алмай кеткеніне көңілі күпті болады.

Ақыры не керек, қажылар сол жүргеннен Қазақстанның Семей облысына жеткенде, әр рудан қосылған елу шақты адам болып, ары қарай Омбыға келеді. Ол жерден пойызға отырып, Одесса қаласына, одан ары кеме жалдап, Ыстамбұлға жақындайды. Жолда кемеде оба ауруы тарап, Сноп деген жерге тоқтатып, 23 күн карантин жариялап, ары қарай жүргізбей қояды. Не деген мехнатты жол десеңізші. Бәрі де Алланың разылығы үшін жандарын шүберекке түйген пенделер! Аллаға деген сүйіспеншіліктері қандай?! Қазір біз ұшақпен барып, қоңыр салқын қонақүйде жатып, қиналдық дейміз. Ал бұлардікі не деген жанкештілік! Осы жолда қажылыққа жете алмай Мұқит, Сіргебай, Дәуіт, Мәнібай, Мәйек, Бітім, Дайыр, Базар атты 8 бірдей адам қайтыс болып, шаһид атанады. Аурудың таралуынан қорыққан дәрігерлер қажылардың бүкіл азығын өртеп жіберіп, бұларды аштық қысады. Қолда бар ақшаны тамаққа аямай жұмсайды. Ақыт қажы бұл туралы былай жырлайды:

Жиырма үш күн дегенде кеме жүрді,

Өлгені өліп, тірілер кеме мінді.

Шыбын бойда – кемеге кірген жандар,

Көргендей сол күн кеме шүкір қылды.

Ары қарай Суейш каналына жеткенде, Майтақ, Замбы, Ақынбек деген ақсақалдар да дүние салады. Қызыл теңізге келгенде кемені дауыл ұрып, су ішіндегі құзға шығарып кетеді. Мұның бәрі ақынның “Қажыбаянында” суреттеледі:

Сенбі күн таң намаздың уақытында,

Кеме толқи жөнелді дүр-дүр етіп.

Қисайып кеме кетті қатты толқып,

Дүние болып кетті олпық-солпық.

Жамағат қойдай шулап, иман айтып,

Жан біткен үрей қалмай кетті қорқып.

Қисайып кеме қапты тасқа тоқтап,

Адамға күн тумасын оған ұқсап,

Мұндайда тірі шығу екіталай,

Әр адам өз қу басын тұрды жоқтап.

Сол жерде жан қалмады жыламаған,

Қамығып нақ жүректен шыдамаған.

Сарт та бар, ноғай да бар, түрік те бар.

Серкеш, ғажам, қызылбас, бөрік те бар.

Және бар азын-аулақ қазақ қажы,

Жігіттер мұны айырып іріктеп ал. Ақыры не керек, бес күн дегенде көмекке екі кеме келіп, Меккені аңсағандар ауысып мініп, жағалауға әрең жетеді. Ары қарай түйе жалдап мініп, Жиддаға жетіп, құрбан айтқа 10 күн қалғанда Мекке қаласына кіреді. Ақыры Аллаға деген сүйіпеншіліктері оларды Алланың қаласына алып келді. Бұл қуанышты сәт “Қажыбаянда”:

Отызыншы Зүлқағда сенбі күні,

Меккеге тәуап етіп барып кірдік.

Тәуап етіп айналдық Бәйтолланы,

Құдіретін дін Ислам кәміл білдік.

Жүз сүртіп хажар әшуад мүбәрәккә,

Аллаға жүз мың қайта шүкір қылдық, - деп баяндалады. Арада бірер күн өтіп, құлшылықтарын өтегеннен кейін Ақыттың қажылыққа баруына ықпал еткен Лайық қажы дүниеден өтеді. Бұл қаза ақынға ауыр тиеді. Десе де, қасиетті мекенде, Аллаға қонақ күйінде қайтыс болған, бар арман-тілегін жүрегіне түйіп келіп, қажылығын өтеп өмірден өткен Лайық қажыда арман бар ма екен?! Алла осы жолда дүниеден көшкендердің жанын жәннатта етсін!

Қажылық парызын өтеу кезінде Ақыт өзге қажыларға жолбасшы болады, барлық жөн-жоралғыларын көрсетіп отырады. Ал Арафат тауына келгенде Көшкінбай, Әлпеміс молда, Әділ, Тастаған деген қажылар да дүниеден өтеді. Осы тауда Бортан қажы бастаған төрт мүсәпірді кездестіріп, қатарларына қосып алады. Қажылық міндет түгел өтелгеннен кейін олар Мәдина қаласына бару-бармау туралы ақылдасады. Ақырында Жиддаға жетіп, сол жерден ақшасы аздарды, жолдан қосылған төрт мүсәпірді жол-пұлын реттеп елге қайтарып, жағдайлары келетіндері Мәдинаға бармақ болады. Бірақ Жиддаға келгеннен кейін Сайыр деген адам қайтыс болып, жұрттың бәрі тікелей елге қайтатын болып шешім қабылдайды. Тек жаны білімге құштар, Пайғамбарға (с.а.у.) деген сүйіспеншілігі ерекше, оның қабірін бір көрсем деген арманы бар Ақыт қажы ғана жолдастарынан бөлініп, “енді мұндай мүмкіндік туа ма?” деген оймен араб жерінде жападан-жалғыз қала берді. Мұндай тәуекелге баруына ақынның араб тілін жетік білуі де себеп болды. Айналасындағы арабтармен, бәдәуилермен оңай тіл табысқаны туралы ақынның өзі:

Қасымда мәдинелік Ғабдулхамит,

Жалғыз-ақ соған ердім сөзбен танып.

Ол араб, ойласаңыз, мен қазақпын,

Аралап бөтен жерді жүрмін ғаріп.

Мәдина, Шам, Құддысқа болдым құмар,

Ел-жұртқа аман-есен барсам жарар.

Егер де осы жолда өліп қалсам,

Болмаса мына жүрген ізім қалар, - деп жырлайды. Жолдастарын шығарып салған ақын Жиддадан Мәдинаға тіке тартатын кемеге отырады. Онда да кеме суда тұрып қалып, небір жол азабын көреді. Тек тоғызыншы күн дегенде армандап, аңсаған Мәдинаға жетеді. Пайғамбарымыздың (с.а.у.) қаласын көзімен көріп, қабірін зиярат етеді. Одан ары Мәдинадан керуен түйемен жолға шығып, Сирияның орталығы Шамға келеді. Онда да қасиетті жерлерге тәуап етіп, араб мәдениетінен сусындап ары қарай Құддысқа аттанбақшы болады. Алайда, жол тосқан қарақшылардың пайда болғанын естіп, кері қайтады. Қара теңіз арқылы Ыстамбұл, Измир, Одесса қалаларын басып өтіп, пойызбен Орал тауы арқылы Қызылжар, Семей қалаларына жетеді. Ары қарай көлік жалдап үйіне келеді. Ал үйіне келсе, сапарға бірге кеткен қажылардың бәрі қайтып келіп, Ақыт қажыдан үшті-күйлі хабар болмаған соң, оны өлдіге балап қойған екен. Бұл туралы баласы Ғазез: “Осындай жапа-машақат арқылы қажыға барып, басқа Алтай, Қобданың адамы қайтып кеткенде Ақыт жер көремін деп Мәдине, Шам (Дамашық), Құддыс (Иерусалим) қалаларына бармақшы болып жалғыз қалады да, бір жарым жыл дегенде Мәдине, Шамды аралап, араб мәдениетін көзден кешіріп, араб тілін толықтап, Құддысқа бара алмай (тонаушылардан сақтанып) елге қайта оралады. Бұл кезде әкесі оны “өлдіге” жорып, нәзір шырағын беріп қояды. Ардақты әке, ақын әке, ғұлама ғалым әке, Меккеге сенен басқа да талай қажы барып еді ғой! Қане, қайсысынан осындай бір жазба естелік қалды? Өзің жасаған дәуір тынысының айнасы болдың, сенің шығармаларың арқылы ұрпақтарың сен жасаған дәуірдің тынысын аңғарғандай болып отырмыз емес пе!”, - деп жазады.

Айтса айтқандай, ғылымға, білімге, білмекке мұншалық құштар жан енді өмірге келер ме?! Мекке-Мәдина сапары Ақыттың “Қажыбаяны” секілді жүректі қасиетті мекенге деген сүйіспеншілікке толтырып, жазыла ма? Әй, жазыла қоймас...

Марфуға Шапиян
islam.kz