+7 700 100 12 46
+7 700 100 12 47
13 маусым, 2018

Шәкәрім қажы Құдайбердіұлы

Құнанбай қажының немересі Шәкәрім Құдайбердіұлы да – қажылық сапарын өтеп, ғұмырын мұсылманшылдықпен өткізген қазақтың бірі. Бес жасында ауыл молдасынан сауат ашқан Шәкәрім араб, парсы, түрік, орыс тілдерін жетік білген.

Шәкәрімнің ұлы Ахат әкесінен естігендерін былайша баяндайды: “Меккенiң тарихи орындарында болып, көп қажеттерiмдi таптым. Мәдинаға бардым. Одан араб халқының ескi замандағы Абу Суфиян сияқты ғалымдары шығармаларымен танысып, кiтаптарын алдым. Қайта қайтқанда бiзден ауру шығып, бiр айдай Стамболда жатып қалдық. Мен доктормен келiсiп, Стамболдың тарихи орындарын тағы ақтардым. Үндi, парсы ғалымдарымен пiкiр алыстым”.

Сол заманда қажылыққа бару үшін әрбір адамға қыруар қаражат, қажылық паспорт алу үшін, маркаларымен, консулдық визамен қоса есептегенде 100-300 рубль, қажет болған. Шәкәрімге мұндай қаражат қажеттілігімен сапарға аттану оңай шешім болмаған. Себебі Шәкәрім бұл кезде үлкен отбасының қамқор әкесі еді. Балалары да шиеттей жас болған. Оның үстіне  Мекке мен Мединаға дейінгі жолға 1 жылдай уақыт кететін. Бізге жеткен ресми мәлімет бойынша, Шәкерім қажылық сапарға 1905 жылдың қараша айында аттанып, келер жылдың наурыз айында Семейге оралған.
 
Қасиетті қалаға сапарын пайдаланып, Шәкәрім қажы өзінің байырғы арманын жүзеге асырады. Стамбұл, Париж кітапханаларынан қазақ тарихына байланысты кітаптарды оқиды. Сол сапарда жинаған мағлұматтар негізінде «Түрік, қырғыз, қазақ хандар шежіресі» кітабын жазады. Ғалымның ұлы сапарынан кейін жарық көрген еңбегінің бірі – “Мұсылмандық шарты” кітабы. Бұл кітапта Шәкәрім Құдайбердіұлы Ислам дінін, оның басты қағидаларын, иман, ғибадаттарын қазақ тілінде халыққа түсінікті қылып жеткізуді мақсат еткен. Ал қажылық сапары туралы Шәкәрім 1912 жылы Семейде басылып шыққан «Мұсылмандық» атты трактатында жан-жақты талдау жасап тоқталады.

Марфуға Шапиян
islam.kz
Пікірлер (0)