+7 700 100 12 46
+7 700 100 12 47
04 шілде, 2018

Әбу Бәкірдің (р.а.) Ислам тарихындағы алғашқы қажылығы

Алла тағала қажылықты Ибраһим (а.с.) пайғамбардан бастап барлық адамзат баласына міндеттеді. Ислам діні келгенге пұтқа табынған араб даласында Ибраһим пайғамбар (а.с.) негізін салған қажылық салтының сарқыншақтары қалған еді.

Тарих бойынша Ибраһим пайғамбар (а.с.) ұлы Исмайл екеуі Алланың үйін салғаннан кейін жаһанға жар салып, Қағбаны зиярат етуге шақырды.

Алайда қажылықтың қашан парыз болғаны туралы ортақ пікір жоқ. Ғалымдардың арасында қажылықтың һижраның алтыншы, сегізінші, тоғызыншы немесе оныншы жылы парыз болуы мүмкін деген болжам бар. Және бұл туралы әрқайсының айтар уәжі де жоқ емес.    

Қажылықты алтыншы жылы парыз болды дегендер Алла тағаланың «Үйге (Қағбаға) қажылық қылу Алланың адамдарға, оған (Меккеге) жол таба алғандарына (парыз қылған)міндеті» («Әли Имран», 97-аят) деген сөзін дәлелге келтіреді. Себебі бұл аят Мұхаммед пайғамбарға (с.ғ.с.) осы жылы түскен. Сегізінші жылы парыз болып бекітілді дегендер Меккенің мұсылмандар қолына өтіп, қажылық жасауға толық мүмкіндік берілгенін алға тартады. Тоғызыншы жылы парыз болды дегендер Алла елшісінің (с.ғ.с.) бұйыруымен сол жылы Әбу Бәкірдің (а.с.) қажылыққа барғанын негізге алады.  Оныншы жылы парыз болды дегендер пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) осы жылы қажылық жасағанын дәлел етеді.

Біз Ислам тарихында өте маңызды оқиғалардың бірі саналатын Әбу Бәкірдің қажылығына тоқталамыз. Алла елшісі (с.ғ.с.) Табук жорығынан қайтар жолда қажылық жасағысы келеді. Алайда мүшрик арабтардың жалаңаш тәуап жасайтынын есіне алып, ол ойынан бас тартады[1]. Содан Әбу Бәкірді қажылыққа аттандырады.

Һижраның тоғызыншы жылы зул-хиджа айында Әбу Бәкір Мәдинадан Меккеге қажылықты ниет етіп жолға шығады. Қажылыққа Әбу Бәкірмен бірге үш жүз адам барады. Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.) құрбандыққа деп жиырма түйе беріп жібереді. Ал Әбу Бәкірдің өзі бес түйені құрбандыққа алып кетеді. Алла елшісінің (с.ғ.с.) құрбандыққа  арнаған түйелеріне Нажия ибн Жундуб әл-Әсләми деген сахаба жауапты болады[2]. Нәжия – Алла елшісінің (с.ғ.с.) түйешісі болған адам.

Әбу Бәкір қажылық сапарына аттанып кеткеннен кейін Мұхаммед пайғамбарға (с.ғ.с.) «Тәуба» сүресінің (Бұл) Алла мен Оның елшісінің сендер (уа, мүміндер) келісім жасаған мүшриктерден арылуы [олармен жасалған келісімді бұзуы]. Енді сендер (ей, мүшриктер) жер бетінде төрт ай кезіп жүріңдер және Алланы еш осалдата алмайтындарыңды әрі Алланың кәпірлерді (екі дүниеде де) масқаралайтындығын біліңдер! Һәм (бұл) Алла мен Оның елшісінің үлкен қажылықта адамдарға Алланың  және елшісінің мүшриктерден (ат құйрығын кесісіп) арылатындығы туралы мәлімдемесі. Егер де сендер (ей, мүшриктер) тәубе қылсаңдар, ол өздерің үшін қайырлы. Ал егер (Исламнан) теріс айналсаңдар, Алланы еш осалдата алмайтындарыңды біліңдер. Һәм кәпірлерді ауыр азаппен сүйіншіле! Тек мүшриктерден сендер (уа, мүміндер) келісім жасасып, сосын оны еш кемітпей, сендерге қарсы ешкімге көмектеспегендердің жайы басқа. Олармен жасасқан келісімдеріңді мерзіміне дейін орындаңдар. Негізінде, Алла тақуаларды жақсы көреді!» деп басталатын алғашқы аяттары түседі. Алла тағала осы аяттарда Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.) мен мүшриктер арасындағы бейбіт келісімнің мерзімі төрт айға дейін ғана созылатындығын ескертеді.

Алланың елшісі (с.ғ.с.) ислам дінінің бұл үкімін барша мүшриктерге ескерту үшін қажылыққа кеткен Әли ибн Әбу Талибті Әбу Бәкірдің артынан жібереді. Әбу Бәкір Араж деген жерге жеткенде пайғамбардың (с.ғ.с.) түйесі Қасуаның даусын естіп, жүрісін тоқтатады. Түйе үстіндегі пайғамбар (с.ғ.с.) емес Әли екенін көргенде: «Сен әмірсің бе әлде әмірге бағынушысың ба?» – деп сұрайды. Әли: «Мен бағынушы болып келдім. Алла елшісі (с.ғ.с.) маған адамдарға «Тәуба» сүресінен түскен аяттарды жеткізу үшін жіберді», – дейді[3].

Арафа күні Әли қажылыққа келген мұсылмандар мен мүшриктердің алдына шығып, «Уа, халайық! Жаннатқа кәпір кірмейді. Осы жылдан кейін мүшриктер қажылық жасамайды. Үйді (Қағбаны) жалаңаш адам тәуап жасамайды. Кім де кімнің Алланың елшісімен (с.ғ.с.) келісімі болса, ол өз мерзіміне дейін», – деп сол күннен бастап адамдарға төрт айлық мұрсат береді[4]. Осы аралықта ислам дінін қабылдамаған мүшриктер өздерінің елдеріне не қауіпсіз жерлеріне жетіп алулары тиіс болатын. Осы мерзім аяқталған соң мүшриктерге мұсылмандар тарапынан амандық кепілдігі берілмейді, қажылық жасауға, Қағбаны жалаңаш тәуап жасауға тыйым салынады.

Жоғарыда келтірілген «Тәуба» сүресінің аяттарына тәпсір жасаған атақты ғалым әл-Хазин Алла елшісінің (с.ғ.с.) сол аяттарда келген үкімді адамдарға жеткізу үшін Әлиді таңдағанын төмендегіше түсіндіреді. Араб халқында сол заманда мынадай ғұрып болатын. Егер бір адам басқаларға берген келісімін растайтын, нақтылайтын, өзгертетін немесе бұзатын болса, оны не өзі не өзінің туысқаны жариялау керек. Алла елшісі (с.ғ.с.) осы ғұрып бойынша басқа арабтарға өзі мен мүшриктердің арасындағы бейбіт келісімнің мерзімі төрт айдан кейін тоқтатылатынын немере інісі Әли арқылы жеткізген[5].

Әлидің сол жылғы қажылықта жалпақ жұртқа жариялаған хабары барша елге тарап, келер жылы Алла елшісі (с.ғ.с.) қажылыққа барғанда, онымен бірге бір де бір мүшрик қажылық жасамайды.

Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.) және оның сахабаларының жүріп өткен өмір жолы – күллі адамзат баласы үшін үлгі-өнеге. Әбу Бәкір жасаған осы қажылығынан төмендегідей ғибраттар алуымызға болады:

Біріншіден, «Тәуба» сүресіндегі үкім түскенге дейін мүшрик арабтар мұсылмандармен бірге қажылық жасайтын. Қажылық барысында олар  Алла әміріне қайшы әрекеттерге баратын. Мысалы, «міне, мен сенің алдыңдамын. Сенің өзің қалаған серігіңнен басқа серігің жоқ. Сен оны және оның иеленгенін иеленесің...», – деген сынды Аллаға күпірлік келтіретін сөздерді айтатын.

Қағбаны жалаңаш тәуап жасап: «Анамнан туылған халде үстімнен күнә араласқан дүние заттарының барлығын шешіп тастадым», – дейтін болған. Олардың дінімізге теріс әрекеттеріне бірден тыйым салынбады. Оларға мүмкіндік ретінде төрт ай мұрсат берді. Осыдан кейін қасиетті дала топырағы пұт атаулыдан толық тазартылды.

Екіншіден, Алла елшісі (с.ғ.с.) өз үкімін жеткізуде араб әдет-ғұрпы негізінде амал етіп, өз өкілі ретінде Әлиді жібереді. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) бұл әрекеті – әдет-ғұрыпты мүлдем теріске шығаратындарға қарсы айғақ. 

Рашид Мұхитдинов

теолог-дінтанушы

 

:Пайдаланылған әдебиеттер

1. Ибн Занжауайһ. Әл-Амуал. Марказ әл-Малик Файсал лил-бухус уа ад-дирасат әл-исламия. 1986.

2. Рамадан әл-Бути. Фиқһ әс-сира ән-нәбәуия. Каир, Дәр әс-сәләм. 2012.

3. Мухаммад ибн Омар әл-Уақиди. Әл-Мағази. Бейрут, Дәр әл-ағлами. 1989 ж. 3-том, 1077 бет. Барлығы 1127 бет.

4. Абду әл-Мәлик Ибн Һишам. Әс-Сирату ән-нәбәуия. Ибн Һишам. Каир, Мактабату уа матбағату Мустафа әл-Баби. 1955.

5. Алауддин Али ибн Мухаммад әл-Хазин. Лубабу әт-тәуил фи мағани әт-тәнзил.  Бейрут, Дәр әл-кутуб әл-илмия. 1415 һ.

Пікірлер (0)