+7 700 100 12 46
+7 700 100 12 47
11 маусым, 2018

Ихрамға қатысты сұрақтар

СҰРАҚ: ИХРАМ ДЕГЕНІМІЗ НЕ?

ЖАУАП: Ихрам дегеніміз - қажылыққа немесе ұмраға ниет етушінің басқа кезде істеуіне рұқсат кейбір іс-әрекеттердің белгілі мерзімге дейін харам, яғни тыйым салынған болуы. Мұны ихрамға кіру деп атайды. Ихрам сөздікте «харам қылу» дегенді білдіреді. Қажылық немесе ұмра ғибадатын толық  орындап біткенге дейін басқа уақытта жасауға болатын, бірақ қажылықта орындауға болмайтын істер. Мысалы, жай уақытта істеуге болатын тігілген киім кию, сүйісу, жыныстық қатынас, аң аулау т.б. сияқты істерге қажылық және ұмра уақытында тыйым салынады. Ихрамға кірудің шарттарының бірі ғана болып табылатын сүлгі немесе соған ұқсас тігісі жоқ киім халық арасында ихрам деп аталғанымен, Ихрам мағынасын толық білдірмейді. Ережеге сай Ихрамға кірмеген жағдайда тек үстіне ақ, тігіссіз матаға оранғанмен Ихрамға кірген болып есептелмейді. 

Ихрам рида (үстіне киілетін киім) және изар (белден төмен киілетін киім) деп аталатын тігісі жоқ екі ақ матадан тұрады.  Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Ихрам кигендер рида, изар және аяқ киім кисін. Аяқ киімі болмаса мәсі кисін» деген. Киімге байланысты тыйымдар тек ер кісілерге қатысты. Ал әйелдердің күнделікті киімдері жарайды, ихрамды оранбайды.


СҰРАҚ: ИХРАМҒА ҚАЛАЙ КІРІЛЕДІ?

ЖАУАП: Ихрамға "Ниет" және "Тәлбиемен" кіреді. Ниет пен Тәлбие Ихрамның шарттарынан. Бұларсыз Ихрамға кіру жүзеге аспайды. 

а) НИЕТ

Ниет дегеніміз - орындалар қажылықтың түрін жүрекпен анықтау. Қосымша ауызбен айту мұстахаб (жақсы). Ниет былай жасалады: "Алла Тағалам! Сенің ризалығың үшін ұмра жасағым келеді, мұны жеңілдет әрі қабыл ал!"

б) ТӘЛБИЕ

 لَبَّيْكَ اللّهُمَّ لَبَّيْكَ، لَبَّيْكَ لا شَرِيكَ لَكَ لَبَّيْكَ، إِنّ الحَمْدَ وَالنِّعْمَةَ لَكَ وَالملكَ، لا شَرِيكَ لَكَ

"Ләббайк Аллаһүммә ләббайк, ләббайка лә шәрикә ләкә ләббайк, иннәл хәмда уән-ниғмәтә ләкә уәл-мүлк, лә шәриикә ләк". 

"Алла Тағалам! Шақыруыңды қабылдап, әміріңе мойынсұнып отырмын. Бүкіл болмысыммен саған тәсілім болдым. Сенің ешбір ортағың жоқ. Қайта-қайта шақыруыңды қабыл етіп отырмын. Сөзсіз күмәнсіз хамд (мадақ) саған тән. Нығмет сенікі, мүлік те сенікі. Сенің әсте ортағың жоқ".

Осылайша ниет пен тәлбие айтылған соң Ихрамға кірген болып саналады.


СҰРАҚ: ИХРАМҒА ҚАЙ ЖЕРДЕ КІРЕДІ?

ЖАУАП: Мекке айналасында Ихрамға кіру үшін белгіленген жерлер бар. Бұларды "Миқат" деп атайды. 
Миқат аймағының сыртынан қажылыққа немесе ұмраға келушілер бұл аймақтан Ихрамсыз өте алмайды. Соған қарай: 
а) Тікелей Меккеге баратын қажылар ұшақ Жиддаға және Миқат аймағына еніп кететіндіктен, ұшақ алаңында немесе үйлерінде Ихрамға кіреді. Керек болса ұшақ Миқат аймағына жетпей ұшақтың ішінде ихрам киіп алуға болады. Бірақ, қиындау болатындықтан ұшақта ихрамға кірмеген дұрыс.
ә) Қажылықтан бұрын Мәдинаға баратын қажыға ниетті кісі Мәдинада тоқтаған үйлерінде немесе Мекке жолында Мәдинаға 11 шақырым қашықтықта орналасқан "Зул-Хулейфе" (Әбиар-и Али) дейінгі жерде ихрамға кіреді. 



Пікірлер (0)