+ 7 (7172) 999 387
hajj@muftyat.kz
07 маусым, 2018

ЖАСТАР ЖӘНЕ ҚАЖЫЛЫҚ

 عَنْ لَقِيطِ بْنِ عَامِرٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ أَنَّهُ أَتٰى النَّبِيَّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَ سَلَّمَ فَقَالَ: إِنَّ أَبِي شَيْخٌ كَبِيرٌ لَا يَسْتَطِيعُ الْحَجَّ وَ لَا الْعُمْرَةَ وَ لَا الظَّعَنَ، قَالَ: «حُجَّ عَنْ أَبِيكَ وَ اعْتَمِرْ»

Бірде жас сахаба Лақит ибн Амир (р.а.) пайғамбарымызға (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) келіп: «Әкем кәрі кісі. Қажылықты да, умраны да өз бетімен өтеуге, тіпті, жол жүруге де қауқары жоқ», – деді. Сонда ол: «Олай болса, әкеңнің орнына қажылық парызын өте әрі умра жаса», – деп айтты.

(Лақит ибн Амир (р.а.) жеткізген. Әбу Дәуіт, Мәнәсик 25; Тирмизи, Хаж 87)

 

Хадиске түсіндірме 

Хадисте жағдайы бар жастарға да қажылық парызын өтеу керектігі, сондай-ақ олардың өз парыздарын өтеген соң ауру-сырқау, қаусаған қарттық сынды түрлі себептермен қажылық парызын өтей алмайтын ата-аналары немесе басқа да жақын туыстарының орнына қажылыққа барып, умра жасауларына болатындығы жайлы айтылуда.

Осы тақырыпқа қатысты хадистер баршылық. Мысалы, Саиб ибн Язид (р.а.): «Қоштасу қажылығында мен жеті жасар бала едім. Сол кезде мен де пайғамбарымызбен (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) бірге қажылық жасадым», – деген[1]. Ибн Аббастан (р.а.) жеткен тағы бір хадисте былай делінген: Аллаһ елшісі Рауха деп аталатын өңірге табаны тигенде әлдебір керуенге кезігіп олардан: «Бұл қай қауым?» – деп сұрады. Керуендегілер: «Біз мұсылманбыз. Өзің кім боласың?» – деді. Ол: «Аллаһтың елшісімін», – деді. Сонда керуендегі бір әйел кішкене баласын жоғары көтеріп: «Мынаған қажылыққа баруға бола ма?» – деп сұрады. Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Иә, (нәпіл ретінде) баруына болады әрі саған да сол үшін сауап жазылады», – деп жауап берді[2]. Сондай-ақ, бірде Жү­һәйнә тайпасынан келген бір әйел: «Уа, Алланың елшісі, шешем марқұм көзінің тірісінде қа­жы­лық парызын өтеймін деп ниеттенген еді, бі­рақ оған қажылық жасау нәсіп болмады. Шешемнің орнына қажылыққа бар­сам бо­ла ма?» – деп сұрады. Пай­ғам­ба­ры­мыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) оған: «Әрине, анаңның ор­ны­на қа­жы­лық­қа бар. Қа­лай ой­лай­сың шешең­нің бас­қа бі­реуге қа­ры­зы бол­са өтейтін бе едің?» – дегенде, ол: «Әрине, өтейтін едім», – дей­ді. Сонда: «Олай бол­са, Алла Та­ға­ла­ның алдындағы қа­ры­зын да өтең­дер. Өйтке­ні, бәрінен бұрын Алланың алдындағы қарыз өтелу керек», – деген жауап естіді[3].

Сонымен қатар, тақырыбымызға арқау болған хадиспен мағыналас мына бір оқиғаны да айта кеткен жөн. Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) қоштасу қажылығында туысы Фазлды түйесіне міңгестіріп алып Муздалифадан Мина алқабына қайтып бара жатқанында алдынан Йемендік Хасғам тайпасынан бір бойжеткен қыз шығып, пәтуа сұрайды. Жауаптасу барысында әлгі жас бойжеткен мен қасындағы Фазылдың бір-біріне қарап қалғанын байқаған пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) Фазылдың жүзін ақырын ғана басқа жаққа бұрды. Содан әлгі бойжеткен: «Қажылықтың парыз етілуі әкемнің қаусаған қарттық шағына дөп келді. Ол қазір тіпті өздігінен көліктің үстінде отыра алмайтын жағдайда», – деп, әкесінің орнына қажылық парызын өтеу жайында пәтуа сұрайды. Сонда пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) оған: «Әрине, әкеңнің орнына қажылық өтеуіңе болады», – деп, зәру жағдайда қажылықта өкілдікке рұқсат етілетіндігін білдіреді.

Әсілі, бұл хадистер мен оқиғалардан зәру жағдайда бір мұсылманның басқа бір мұсылманға өкіл болып қажылық құруына болатындығы[4], тіпті, көзі тірісінде қажылық парызын өтей алмаған марқұм үшін де артында қалған ұрпақтары «бәдәл» қажылығын өтей алатындығы, пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) бөтен әйелге көз салған Фазылдың жүзін басқа жаққа бұрып, харамға қараудан тыйғанындай, үлкендердің де жастарды харамға көз салудан тыюы керек дегендей үкімдер шығаруға болады.

Дегенмен, бұл жерде баса назар аударылатын мәселе – ауру-сырқау немесе қарттық сынды орынды себептермен үзірлі болған, яки көзінің тірісінде Алла алдындағы парызын өтей алмаған ата-ана, ата-әже немесе аға-әпкенің орнына өкіл болып «бәдәл» қажылығын өтеуге болатындығын, қарттарға қамқор болып, ата-анаға жақсылық жасаудың, қарыздары болса өтеу керек екенін, сондай-ақ қажылыққа немесе умраға қылшылдаған жас кезде барудың әлдеқайда сауапты әрі жеңіл болатындығын білдіру.

Иә, жас кезде атқарған құлшылыққа не жетсін! Әрі жеңіл, әрі сауабы мол болады. Өйткені, жас кезде пенденің зауқы құлшылықтан гөрі дүниеге және ондағы арзан ойын-күлкіге көбірек соғып тұрады. Өзін жан-жақтан азғырған қызылды-жасылды дүние мен әзәзіл шайтанға азбай, нәпсісін жеңе білген, Алланың тыйғандарынан тыйылып, бұйырғандарын бұлжытпай орындаған жастың құлшылығына тең келетін құлшылық бар ма, шіркін?! Міне, сондықтан да, намаз, ораза сынды тәнмен орындалатын құлшылық болсын, зекет, садақа сынды мал-пұлмен атқарылатын құлшылық болсын, не болмаса тәнмен де, қаражатпен де атқарылатын қажылық құлшылығы болсын жалындаған жас кездегі құлшылық пен шау тартқан шақта атқарылған құлшылық арасында жеңілдік жағынан да, сауаптылық тұрғысынан болсын айырмашылықтың болары анық. Себебі, әр құлшылықтың өзіне тән парыз, уәжіп, сүннет және мұстахап амалдары болатыны белгілі. Сондықтан да, адамға қандай да бір құлшылықты кемеліне жеткізіп, толық орындау үшін таза һәм риясыз ниетпен қатар, мықты денсаулық, мұқалмас ерік-жігер әрі талмайтын күш-қуат керек. Ал мұндай мүмкіндік көбіне-көп жастық шақта болады.

Асқар Болатбекұлы

[1] Бұхари, Сайд 25
[2] Мүслим, Хаж 409
[3] Нәсаи, Хаж 7
[4] Шариғатта мұндай қажылық «бәдәл» қажылық деп аталады.