+7 700 100 12 46
+7 700 100 12 47
07 маусым, 2018

ЗҮЛХИДЖА АЙЫНЫҢ АЛҒАШҚЫ ОН КҮНІ


Құрметті мұсылман бауырлар! Алланың қалауымен, 2018 жылдың тамыз айының 9-жұлдызында, ақшам намазының кірісімен қасиетті Зүл-хиджа айы басталады. Бұл ай төрт құрметті айдың бірі болып саналады.

Алла Тағала былай дейді:

"Расында Алланың қасында көктер мен жерді жаратқалы Алланың Кітабындағы айлардың саны он екі. Бұлардан төртеуі құрметті айлар». «Тәубә» сүресі, 36.

Осы күндердің ұлылығын көрсету үшін Алла Тағала Қасиетті Құранда сол күндермен ант етеді. Алла Тағала былай дейді: 

«Құрбан айының алғашқы он кешіне серт!». «Фәжр» сүресі, 2.

Ибн Аббас (р.а.) бұл жерде он кеш деп, Зүл-хиджа айының алғашқы он түні жайында айтылғандығын жеткізген.

Сондай-ақ, Алла елшісі (с.а.у.) Зүл-хиджа айының (алғашқы) он күні жайында былай деген:

«Алла алдында Зүл-хиджа айының алғашқы он күнінде жасалған ізгі амалдардан асқан сүйікті амал жоқ». Хадисті әл-Бұхари жеткізген.

Ізгі амалдарға ғибадат жасау және садақа берумен қатар, нәпіл ораза ұстау да жатады. 

Сол себепті, Зүл-хиджа айының алғашқы тоғыз күнінде ораза ұстаған абзал. Оныншы күні ораза ұстауға болмайды. Өйткені, ол күні – Құрбан айт мейрамы. Ол күні ораза тұтуға тыйым салынады. 

Хунайд ибн Халидтің әйелі Пайғамбардың (с.а.у.) кейбір әйелдерінің былай дегендерін жеткізген:

«Алланың елшІсі (с.а.у.) Ашура күні, Зүл-хиджа айында тоғыз күн, әр айда үш күн және де дүйсенбі мен бейсенбі күндері ораза ұстайтын». Әбу Дауд 2437, ән-Насаи 2372, 2417, Ахмад 6/288, Әл-Бәйхақи 285.

Әбу Саид әл-Худри (р.а.) риуаят еткен: Алла елшісі (с.а.у.) жылдың екі күнінде – Ораза Айтта және Құрбан Айтта ораза ұстауға тыйым салған. Бұл хадисті Әл-Бұхари мен Муслим жеткізген.

Әсіресе, Зүл-хиджа айының тоғызыншы күні – Арапа күнгі оразаны ерекше атап өткіміз келеді. Әбу Қатада (р.а.) риуаят еткен. (Бірде) Алла елшісінен (с.а.у.) Арапа күні ораза ұстау жайында сұралғанда, ол:

 «(Сол күнгі ораза) өткен жылғы және келер жылғы күнәлардың өтемі болады», - деп жауап берген. Хадисті имам Муслим жеткізген.

Осылайша, Алла Тағала Арапа күні бір күн ораза тұтқан адамның екі жыл ішінде жасаған күнәларын кешіреді екен. Сондықтан, Алла Тағаланың кешіріміне бөлену мүмкіндігінен айрылып қалмай, осы берекелі күндері бар ынтамызбен құлшылық жасайық.

Алла Тағала жасаған құлшылықтарымызды қабыл еткей. Әмин.

Пікірлер (0)