+ 7 (7172) 999 387
hajj@muftyat.kz
27 маусым, 2018

«ҚАЖЫЛЫҚ – ЖАУАПТЫ ҺӘМ САУАПТЫ ҒИБАДАТ» СЕМИНАРЫ БАСТАЛДЫ

ҚМДБ-ның төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Сатыбалдыұлы хазреттің бастамасы аясында Шымкент қаласында «Қажылық – жауапты һәм сауапты ғибадат» атты қажылық  маусымының ашылуына орай облыстық семинар басталды.

Аталмыш семинарға облыс имамы Бақтыбай Қыдырбайұлы, найб имам әрі қажылық бөлімінің жетекшісі Мұхамеджан Естеміров, дінтанушы Қалиолла қажы Маджанов, ҚМДБ қарасты «Тауаф», «Әл Маруа», «Уақып», «Сембекова и к» т.б.  қажылық фирмалардың өкілдері және қажылыққа ниет етуші азаматтар қатысты.

Семинардың негізгі мақсаты - қажылыққа ниет етуші азаматтарымызды құлақтандыру, діни ақпараттар беру, қажылықтың ережелері мен тәртіптерін түсіндіру болып табылады.

Қажылық өте сауапты һәм маңызды сапар. Қазіргі танда кейбір азаматтар атүсті қарайтындар да баршылық. Сондыктан да бұл жайында Алла Тағала Құран Кәрімнің бірнеше сүрелерінде:«Қажылық және умраны Алла үшін толық орындаңдар» ("Бақара" сүресі, 196-аят). «Негізінде адам баласы үшін алғаш құрылған үй - Меккедегі (Қағба). Ол - бүкіл әлем үшін береке және тура жол. Онда ашық белгілер, Ибраһимның орны бар. Сондай-ақ кім оған кірсе аман болады. Оның жолына шамасы келген кісілер, Алла үшін Қағбаны зиярат ету (қажылық өтеу) керек. Ал кім қарсы келсе, Алла барлық әлемнен бай»– деген ("Әли Имран", 96-97).

Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.с.) былай деп айтқан: «Кімде-кім Алла Тағала разылығы үшін қажылық жасап, жаман сөз бен жаман іс-қимылдан аулақ болса, анасынан жаңа туылған сәбидей күнәлардан тазарады», - деген.

Айта кету керек, қажылық курстары облыс бойынша қалалық, аудандық, ауылдық мешіт жанындағы 213 діни сауат ашу курстары жанынан  ұйымдастырылуда.  Курс жұмыстары аптасына төрт күн бойы өткізіледі. Оған бұрын қажылықта бірнеше рет болған тәжірибелі, білікті имам, ұстаздар жүргізеді. 

Семинар барысында жергілікті «Отырар», «Айғақ» телеарналары мен өзгеде БАҚ өкілдеріне сұқбат берілді.